«Нұр Отанның» Атырау облыстық филиалында праймеризге қатысып, жоғары дауысқа ие болған жас буын өкілдері қаланың белсенділерімен кездесті. Қатысушылар алдағы бесжылдықта жүзеге асуы тиіс «Жастар – Отанға» жобасына өз ұсыныстарын тастап, алғашқы кезеңдегі кей уәделердің орындалмау себебін талқыға салды.
«Басымдықты болашақ ұрпақтың қамсыз дамуына беру керек» деген кей қатысушылар өз ісіне қазірден білек сыбанып кірісіп кеткен.
Азамат АСЫЛБЕКОВ, қатысушы
Жобада жастардың әлеуметтік жағдайын қарастыру, оларды жұмыспен, тұрғын үймен қамту, сонымен қатар, дәрігерлердің мәртебесін көтеру сияқты нәрселерді толық қамтуға тырысады. Жоба бойынша алдағы бесжылдықта білім беру жүйесіне де үлкен мән береміз деп ойлаймыз.
Партиялықтар аталған жобаның алғашқы кезеңінде берілген уәделердің 90 пайызы орындалғанын айтады. Бұл жолғы жобаның да маңызы зор. Сол себепті, белсенді жастардың өз ойларын ортаға салып, қаламыздың көркеюіне үлесін қосуына көп мүмкіндігі бар дейді ұйымдастырушылар.
Нұротандықтардың сөзінше, мұндай жиындар жастардың қоғамдық-саяси өмірге белсене араласуына көмегін тигізеді.