Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев тергеу изоляторында аштық жариялады. Оған ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеттің тергеу изоляторынан Бішкектегі №1 тергеу изоляторына ауыстырылуы себеп болған. Бұл туралы оның адвокаты Замир Жоошев мәлімдеді.
Оның айтуынша, Атамбаевты жертөледе ұстап отырған көрінеді. Ал жаңа ауысқан изоляторда бұрын өлім жазасына кесілгендер отыратын болған. Соңғы жылда онда жазасын өтеушілер болмаған және жылу жүйесі де енді ғана қосылған. Жоошев Атамбаевтың денсаулығы нашар, өкпесі қабынғанын және жүрегінің де сырқаты барын жеткізді. Ал ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитет өкілдері мұндай шешімді Бішкек қалалық соты қабылдады деп отыр.
Экс-президент Бішкекте бүлік ұйымдастырды деген күдікпен 10 қазанда ұсталған болатын. Кейін оны қылмыстық топ жетекшісі Азиз Батукаевты заңсыз босату ісіне қатысы бар деп айыптап, 11 жыл 2 айға бас бостандығынан айырған еді. Сот оның мүлкін тәркілеп, мемлекеттік наградалары мен атағынан айырды.