Атырауда екі қолға бір күрек таппағандардың саны екі есе артқан. Қалалық жұмыспен қамту орталығына жыл басынан бері 13 мыңнан астам адам жүгініпті. Олардың 3200-і ғана шаhар аумағындағы шағын және орта кәсіптерден орнын тапқан. Мамандар пандемия кезінде тіркелушілердің күрт көбеюінің бір себебі – жәрдемақы дейді.
Нариман СӘЛІМОВ, Атырау қалалық жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары:
Жалпы мына жүгінушілер санының артуы пандемияға байланысты , екінші кезекте жұмыстан қысқартылған немесе жұмыстан босатылған азаматтарға төленетін жәрдемақыға байланысты өсіп отыр. Жалпы осы 2020 жылы пандемияға дейін яғни наурыз айына дейін жұмыспен қамту орталығына 200 адам жолықса бүгінгі күнге 13000 адамға жетіп отыр. Яғни пандемиядан кейінгі аралықта екі есе артып отыр.
Мамандардың сөзінше, жұмыссыздарға берілетін жәрдемақыны қазір 5000 азамат тұрақты алып отыр. Сондай-ақ, ірі мекемелер карантин талаптары жеңілдетілгелі бері еңбекақысыз демалысқа жіберген қызметкерлерін қайта шақырып алуда. Дегенмен жаңа жұмыс орындары ашыла қоймапты.