Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны артуда. Сәйкесінше, індетпен күрес шаралары да күшейтіліп жатыр. Уэльс билігі британдық премьер-министрдің бұйрығын күтпей-ақ, екі апталық оқшаулау режимін жариялады. Жұмадан бастап мейрамханалар, кафелер, қонақ үйлер мен үлкен сауда орындарының жұмысы тоқтайды. Тұрғындар сыртқа аса қажеттілік туындаған жағдайда ғана үйден шыға алады. Кәсіпорындар мен мекемелер мүмкіндігінше қашықтан жұмыс жасауға көшпек.
Марк Дрейкфорд, Уэльстің бірінші министрі:
— Бұл шектеулердің ұзақтығы көпке созылмауы мүмкін. Бірақ індет тез тарап, салдары ауыр бола ма деген қорқыныш та бар.
Әлемде ковид жұқтырғандар саны 40 миллионнан асты. Алғашқы орында бұрынғыша АҚШ тұр. Одан кейін Үндістан мен Бразилия. Ал төртінші орында Ресей Федерациясы. Онда 1 күнде 16 мың адамнан инфекция анықталып, тәуліктік рекорд орнады. Еуропа елдері бойынша Чехия мен Бельгия көш бастап тұр. Бельгияда вирус жұқтырғандар санының көптігі соншалық, ауруханалардағы жоспарлы операциялар кейінге қалдырылуда. Елде комендаттық сағат енгізіліп, тамақтану орындары бір айға жабылды.