Қырғызстан премьер-министрі Садыр Жапаров «президент отставкаға кетті, енді билік менің қолыма өтті» деп мәлімдеді. Экс-депутат осыдан 3 жыл бұрын «2013 жылы Қарақол ауылында митинг ұйымдастырып, Ыстықкөл облысының сол кездегі әкімін кепілге алды» деген айыппен кінәлі деп танылып, 11 жылға сотталған болатын. 6 қазанда болған парламент сайлауының нәтижесіне қарсы наразылық кезінде жақтастары Жапаровты қамаудан босатып алды. Ал 14 қазанда парламент оны премьер-министр етіп тағайындады. Сооронбай Жээнбеков отставкаға кеткенін мәлімдегеннен кейін Жапаров халық алдына шығып, Жоғарғы Кеңес спикері Қанатбек Исаевтың мемлекет басшысының міндетін атқарудан бас тартқанын және президент өкілеті өзіне өткенін хабарлады. Қырғызстан Конституциясы бойынша егер ел басшысы мерзімінен бұрын қызметінен кетсе, жаңа президент сайланғанға дейін оның міндетін Жоғарғы кеңес төрағасы атқарады. Парламент спикері ол міндеттен бас тартқан жағдайда билік автоматты түрде премьер-министрге өтеді. Орталық сайлау комиссиясының ақпараты бойынша, президент сайлауы 2021 жылдың 17 қаңтарынаа, ал парламент сайлауы осы жылғы желтоқсан айының 20-сына белгіленуі мүмкін.