Бұны біздің арнада «Айыр ұшындағы айқай» деген тақырыппен өткен аптада көрсетілген хабардың екінші бөлімі десек те болады. Яғни, Құдай қосқан көршісінің итін айырмен шаншып өлтірген атыраулық тұрғынға миллион теңгеге жуық айыппұл салу туралы шешім шықты. Дегенмен ол осындай іс-әрекетке азулының үнемі балаларға мінез көрсететіні үшін амалсыздан барғанын айтады. Ал иттің иелері көршінің қылығын қатыгездікке балап, жазалауды талап еткен. Нәтижесінде, сот айыппұл салды.
Боранбай ҒАЛИЕВ, Атырау облыстық сотының баспасөз хатшысы
№2 Атырау қалалық соты ер адамды қылмыс жасағаны үшін ҚР ҚК 316-бабы 1-бөлімімен «жас балалардың қатысуымен жануарлардың өліміне әкеп соққан қатыгездікпен қарау» бойынша кінәлі деп таныды.
Бірақ итті өлтірген көрші 900 мың теңге айыппұлды төлемейтінін кесіп айтты. Апеляциялық шағым түсіріп, істі қайта қаратуға жұмыстанып-ақ жатыр екен. Егер соттың үкімі өзгеріссіз қалса, елдегі жануарларға жасалған қастандық бойынша төленетін ең үлкен сома осы болмақ.