Атыраудың 380 жылдығына орай Жайық жағалауы мен Жастар саябағы ашылды. Екі жыл бұрын басталған 1 861 метрлік жағалаудың құрылысы «Сұлтан Бейбарыс» көпірінен қалалық әкімдіктің аумағына дейін созылып жатыр.
Ал оның қолданысқа берілген бөлігіндегі қала символы мен «Шаңырақ» туындылары шаһарға сән беріп тұр. Оған қоса, көлеңкелі орындықтар мен балалар алаңы және өзен үстіне 3 субұрқақ орнатылған. Жағалаудың дайын болмаған бөлігі жоспар бойынша алдағы екі-үш аптаның ішінде ашылмақшы.
Сонымен қатар, облыс әкімдігінің алдындағы екі пирс жөндеуден өткізіліп, ескі субұрқақ қайта жаңартылды. Жаңа жағалауда демалушыларға барлық жағдай қарастырылған.
Ал қала әкімдігі мен Халел Досмұхамедұлы атындағы университетке дейін көлбей жатқан Жастар саябағы жергілікті мұнай компаниясының әлеуметтік және инфрақұрылдымдық жобалары шеңберінде салынды. Демалыс орнында көлеңкелі конструкциялы жазғы мобильді кафелер, балалар мен ересектер алаңы, аттракциондар және экстремалды спорт түріне арналған алаңқайлар бар. Қаланың жаңа келбетіне жастардың өзі де ризалығын білдірді.