20 қыркүйек күні Атыраудағы ерлерге арналған түзету калониясына дуалдың сыртқы бетінен сәлемдеме келіп түсті. Оның ішінде 4 смартфон, роутер және қуаттағыш құралдар болған.
Ал қарауылдың көзіне түсіп қалған заңсыз пошташылар сол жерде ізін суытып үлгергенмен, көп ұзамай Береке ықшамауданы маңынан ұсталыпты.
Марал ДҮЙСЕНБАЕВ, УГ-157/9 мекемесінің жедел бөлімінің аға жедел уәкілі:
Патрульдік қызметкерлер беймәлім көлікте 23 жастағы қала тұрғыны болғанын анықтады. Құқықбұзушы қалалық полиция бөліміне жеткізіліп, тергеу барысында кінәсін толық мойындады. Оған 481-бапта көрсетілген қылмыстық атқару жүйесінің мекемелерінде, арнаулы мекемелерде ұсталатын адамдарға тыйым салынған заттар, бұйымдар мен нәрселер беру әрекеті бойынша айып тағылып, іс сотқа жолданды.
Тәртіп сақшысы жазаның жеткізушіге ғана емес, тапсырыс берушілерге де қолданылатынын айтты.