Демеушілер Атырау ауруханаларына әлі қол ұшын созып жатыр. Бұл жолы өңірдегі ірі мұнай компанияларының бірі облыстың медициналық орталықтарына өкпені жасанды желдету аппаратының төртеуін алып берді.
Індет іргелей енген тұста алғаш стационар ашылған ауруханалардың бірі – Атырау облыстық туберкулезге қарсы күрес диспенсерінде талай науқас жасанды желдетуге мұқтаж болған еді. Қазір мұндағы құрылғылардың қатары толығып, өкпе ауруларының барлық түрін емдейтін бөлім ашуға ынталы дәрігерлердің жұмысы жеңілдей түсті.
Жаңабай САҒИЕВ, Атырау облыстық туберкулезге қарсы күрес диспенсерінің директоры:
Болашақта пневмонология бөлімін ашқымыз келеді. Өзіміздің жұмыс ауқымын кеңейтіп жатырмыз. Негізінен, біз өкпе дертін емдеумен айналысқаннан кейін көптеген құрал-жабдық керек. Бүгін демеушіліктің арқасында осы аппаратқа қол жеткізіп жатырмыз. Біз үшін бұл – өте үлкен көмек.
Дәрігерлердің сөзінше, бұл құрылғы – тек коронавируспен ауырғандарға ғана емес, барлық өкпе ауруына ем. Сондай-ақ, мұнда екінші толқынға әзірлік ретінде 100 кереуеттік орын дайындалған екен. Ал төрт аппараттың біреуі Индерге, екеуі Мақат аудандық емханасына жөнелтілді. Қиын кезде қол ұшын созуды міндет деп білген демеуші мылтықсыз майдандағы дәрігерлердің ерен еңбегі бар екенін атап өтті.
Тынысы тарылып, тегін ауаға зар болған жандар үшін бұл аппараттың маңыздылығы орасан. Алайда індетпен күресте осы қарқыннан ажырамасақ, қиын күндерден құтылар күн де алыс емес дейді мамандар.