Сафи Өтебаев атындағы Атырау және мұнай газ университетінде Қазақстанның алғашқы мұнай министрі Равиль Шырдабаевқа арналған кеш өтті. Мұнда мұнайшының өмірбаянынан сыр шерткен кітаптың тұсауы кесіліп, замандастары жылы лебізін білдірді.
Сондай-ақ, қара алтынға кіндігі байланған әулеттің атынан үш студентке 50 мың теңге көлемінде шәкіртақы тағайындалды.
Кеш барысында кітаптың мазмұны ортаға салынып, майталман мұнайшының өнегелі өмір жолына шолу жасалды. Аталған шарадан әсерлі қайтқан университет ректоры бұл кітаптың студенттерге берер білімі мол дейді.
Гүлзада ШАКУЛИКОВА, С.Өтебаев атындағы АтМГУ ректоры:
Біз жастардың патриот боп тәрбиеленуіне көп көңіл бөлеміз. Бұл еңбекте Равиль Шырдабаевтың өмірбаяны ғана суреттелмейді, Ембі мен күллі қазақ мұнайының алғашқы кезеңі әдемі көрініс тапқан. Бұл кітаптың студенттер үшін де тәрбиелік мәні зор деп білемін.
Оқу орнының басшысы мұнай саласының жас мамандарына Равиль Тәжіғараұлындай тұлғалардан үлгі алу керектігін айтып, өнегелі ізімен жүруге шақырды.