Маңғыстауда тұмауға қарсы вакцина егу басталды. Бұл туралы облыстық қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Есенғалиева мәлім етті.
Оның айтуынша, биыл жергілікті бюджеттен 331 млн теңге қаржы бөлінді. Оның 60 млн теңгесіне тұмауға қарсы вакцина сатып алу үшін келісім шарт жасалды.
Бастапқы медициналық санитарлық ұйымдарда тұмауға қарсы вакцина егу басталды. Қазір облыста 70 мың доза вакцина бар. Яғни, 70 мың адам тұмауға қарсы тегін егіледі деп жоспарланып отыр. Тұмауға қарсы екпені тегін алатындар тізіміне медицина қызметкерлері, жүктіліктің екінші немесе үшінші кезеңіндегі әйелдер, диспансерлік есепте тұрған балалар, сәбилер үйінің балалары, жүрек, қан тамыр жүйесінің және тыныс алу мүшелерінің созылмалы аурулары бар адамдар жатады.
Ләззат ЕСЕНҒАЛИЕВА, Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:Барлық емханаларда 70-ке жуық егу бөлмесі дайындалды. Барлық медициналық қызметкерлер семинарларға қатысып, біліктіліктерін шыңдады. Онлайн режимде оқитын балалар үшін арнайы егу кабинеттері ұйымдастырылған. Біз ата-аналардан белсенділік танытып, емханаға барып, учаскелік дәрігермен кеңесіп, егу кабинеттерінде екпе алуды сұраймыз. Биыл мектептер карантинге жабылғанын ескере отырып, мектептерде вакцинация жүргізілмейді.
Гриппол – ресейлік вакцина. Қазақстанда 4–5 жылдан бері қолданылып келеді. Осы уақыт ішінде теріс реакция байқалмаған. Алдыңғы егу кезінде қиын реакция көрсеткен азаматтар мен ақуызға аллергиясы бар адамдар бұл вакцинаны алмайды.