Маңғыстау ауданында қайтарымсыз несие 65 адамға берілді. Грантқа ие болғандар ішінде көпбалалы отбасы мүшелері, жұмыссыздар, атаулы жәрдемақы алатын азаматтар мен бизнесін дамытқысы келетін жастар бар. Бұл туралы Маңғыстау ауданы әкімінің орынбасары Асқар Аққұлов мәлім етті.
Асқар АҚҚҰЛОВ, Маңғыстау ауданы әкімінің орынбасары:Биыл еліміздегі карантиндік шараларға байланысты көптеген кәсіпкерлік нысанға шектеу қойылғанымен, алдағы уақытта өз кәсібін дамытамын деуші кәсіпкерлер аз емес. Әсіресе, мал шаруашылығы өнімдеріне қазіргі таңда сұраныс көп. Сол себепті, кәсібін дөңгелетуге несие алып, жұмысын бастағасы келетін 40-тан астам тұрғын «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Маңғыстау филиалы арқылы нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2020 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы арқылы 181.4 млн теңге қаржылай несие алды. Жыл басынан бері 58 тұрғынның кәсібін бастау үшін несиеге тапсырған құжаттары мақұлданды.
Сонымен қатар, «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы құжаты мақұлданған 15 адам 298.6 млн теңге көлемінде төмен пайызды несиеге қол жеткізді. Ал аудан бойынша екі кәсіпкер «Атамекен» шағын несие ұйымынан 9.8 млн теңге алды. Бизнес идеясын іске асыруда кездесетін қиындықтарды қалай жеңу керектігіне толыққанды мағлұмат беретін курстан жыл басынан бері 62 адам өткен. Жұмыссыз 112 азамат «Бизнес бастау» бойынша оқып шықты. Дәл қазіргі уақытта 31 адам білім алып жатыр.