С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің жанынан тәлімгерлік мектебі құрылады. Оның аясында Жасөспірімдер үйінің тәрбиеленушілері университет оқытушылары мен студенттерінің көмегімен оқу ордасының өміріне атсалыса алады.
Осы жолда қолға алынған бірінші кездесу еркін форматта ұйымдастырылды. Жиналғандар таза ауада серуендеп, өнерден де құр алақан емесін көрсетті.
«Шаңырақ» отбасылық үлгідегі балалар ауылы жанындағы Жасөспірімдер үйінде қазір жиырмадан астам жеткіншек бар. Тәрбиеленушілердің тең жартысы — студент. Олар Атырау мен Алматыдағы колледждер мен жоғары оқу орындарында білім алады.
Жасөспірімдер үшін арнайы сабақтар да ұйымдастырылды. Қатысушылар кәсіби жаттықтырушы өткізген тренингте жан-жақты ойлаудың ережелерімен танысты.
Айта кету керек, университет басшылығы Жасөспірімдер үйі мен отбасы үлгісіндегі Шаңырақ ауылының барлық тәрбиеленушісіне грант бөлу мүмкіндігін қарастыруда.
Гүлзада ШАКУЛИКОВА, С.Өтебаев атындағы АтМГУ ректоры:
Жасөспірімдер үйі — жетім балаларға қамқорлық көрсететін бірегей алаң. Олардың әлеуметтік тұрғыда жетілуі үшін біз де өз үлесімізді қосқымыз келеді. Пандемия адами құндылықтардың өзгеруіне әсер етті. Карантин бейбітшілік пен мейірімділіктің қадірін ұғындырды деп ойлаймын.