Қытай мен Үндістан арасындағы шекарада атыс болды. Бұл туралы «Хабар 24» порталы хабар таратты.
Қос тарап бір-бірін айыптап отыр. Қытай әскери өкілінің мәлімдеуінше, Үндістан жауынгерлері қос ел арасындағы нақты бақылау сызығынан асып өтіп, келіссөздерге дайындық білдірген қытай сарбаздарына оқ атқан.
Қытай сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Чжао Лицзянь Үндістаннан қауіпті қимылдарды дереу доғарып, алғы шептегі әскерін мұқият бақылауды талап еткенін айтты. Айтуынша, олар болашақта мұндай жағдай қайталанбас үшін оқ атқан сарбаздарын тауып, жазаға тартуы тиіс.
Ал Үндістан жағдайдың асқынуына қарсы тарапты кінәлі деп отыр. Олар Қытай жауынгерлері алғы шептегі бекеттерінің бірін қоршауға тырысып, оқ атқанын алға тартуда. Үндістан әскери өкілінің пікірінше, Қытай тарабы арандатуға жол берген.
Үндістан мен Қытай шекарасындағы жанжал биыл мамыр айында басталған болатын. Бүгінде екі жақтың әскерилері шұғыл келіссөздер жүргізуде. Қос тарап аймақта бейбітшілік пен тыныштықтың сақталуына мүдделі екенін айтып отыр.