Индер ауданында биылғы оқу жылы жаңашылдықпен басталды. Кезекші сыныптарда мектепалды даярлық тобы мен бастауыш сынып оқушыларын қосқанда 435 бүлдіршін тәлім алуда. Ал қалған балалардың онлайн оқуы үшін бар жағдай жасалып жатқан көрінеді.
Роза ДӘУЛЕТОВА, Әуезов атындағы орта мектеп директоры:
– Толық біліммен қамту үшін 127 балаға жалпыға міндетті білім қорынан ақшалай көмек көрсетілді. Биылғы оқу жылының ерекшелігіне байланысты ата-аналар негізінен қажетті құрылғылар алуға жұмсады деп ойлаймыз. Сонымен қатар, ата-аналарға балаларына білім беру үшін мектептегі компьютер құрылғылары берілді. Қазір сабаққа қатыспай отырған бала жоқ.
Айтқандай, 295 отбасыға компьютерлер уақытша беріліп, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға модем, роутер құрылғылары мен интернет желісіне төленетін ақыны өтеу үшін қазынадан 13 млн теңге қарастырылған. Аудандағы көпбейінді ауылшаруашылығы колледжіндегі жағдай да қалыпты. Биыл оқу ордасына өңірден ғана емес, өзге облыстардан да өтінім тасталған.
Бағытжан ҚҰНАС, Индер көпбейінді ауылшаруашылығы колледжінің директоры:
– Биылғы оқу жылында біздер 75 студент қабылдап отырмыз. 1-2 курстарды қосқанда 184 оқушы білім алуда. Барлық оқушының жағдайына қарай отырып, қажет деген студенттерге іштен компьютерлер, планшеттер ноутбуктар беріліп жатыр.
Колледж директорының айтуынша, жағдай тұрақталса, студенттердің оқу орнына қайта оралуы әбден мүмкін. Ол үшін ауданның бас санитар дәрігерінің рұқсаты қажет.