CaspianLife. 22 қазан. Атырау облысында полицейлер «Қауіпсіз үй» жедел профилактикалық іс-шарасы аясында қараусыз қалған нысандарды тексеріп жатыр. Науқанның негізгі мақсаты – баспанасыз жүрген азаматтарды анықтап, оларға қажетті көмек көрсету.
Рейд барысында құқық қорғау қызметкерлері 724 қараусыз қалған үйді тексерген. Сонымен қатар жертөлелер, шатырлар мен жылу трассаларының бойы да назарға алынған. Өйткені мұндай орындарда баспанасыз жүрген адамдар суықтан қорғану үшін паналауы мүмкін.
Тексеру кезінде анықталған азаматтардың жеке басы сәйкестендіріліп, құжаттарының бар-жоғы тексеріледі. Қажет болған жағдайда полицейлер құжаттарын рәсімдеуге көмектесіп, оларды бейімдеу орталықтарына орналастырады.
Атырау облыстық Полиция департаменті басқармасының аға инспекторы Айнұр Мажитованың айтуынша, мұндай азаматтар анықталған жағдайда алдымен жеке басы мен құжаттары тексеріледі. Құжаттары болмаған жағдайда оларды рәсімдеуге жәрдем көрсетіліп, кейін бейімдеу орталығына жіберіледі.
Жыл басынан бері бейімдеу орталығына 48 адам орналастырылған. Республикалық «Қауіпсіз үй» жедел профилактикалық іс-шарасы 5 қарашаға дейін жалғасады.
