CaspianLife. 20 қазан. Атырау қаласындағы «Достық» үйінде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру» тақырыбында танымдық жиын өтті.
Басқосуға этномәдени бірлестіктердің, медиация кеңесінің өкілдері, ақсақалдар мен аналар кеңесінің мүшелері, ақпараттық-түсіндіру тобының сарапшылары және мекеме қызметкерлері қатысты.
Жиында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің мамандары сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптарын, мемлекеттік қызметшілер сақтауы тиіс әдеп нормалары мен жауапкершілік мәселелерін түсіндірді. Сонымен қатар қоғамда жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және заң үстемдігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Атырау облысы бойынша департаментінің басқарма бас маманы Августина Мұратованың айтуынша, қазіргі уақытта мүдделер қақтығысына қатысты мәселелердің аясы кеңейіп келеді. Осыған байланысты жаңа заңдағы өзгерістер мен толықтырулар туралы тұрғындарға ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Заңдағы тиісті түзетулер 2027 жылдан бастап күшіне енеді.
Кездесуде адалдық пен парасаттылық қағидаттарын дәріптеу, сондай-ақ жемқорлықтың кез келген көрінісіне төзбеушілік көзқарасын қалыптастыруға басымдық берілді. Жиын қорытындысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті орнықтыру әр азаматтың белсенді азаматтық ұстанымына, заңға құрметіне және жеке жауапкершілігіне тікелей байланысты екені атап өтілді.
