CaspianLife. 20 қазан. Атырау облысындағы техникалық және кәсіптік білім беретін 10 мекеме басшылығы өңірдегі Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілімен меморандумға қол қойды. Құжат жастардың құқықтарын бірлесіп қорғауға, білім беру ұйымдарында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға және жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған.
Жиынға Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы Жастар комиссиясының мүшелері де қатысты. Кездесу барысында бала тәрбиесі, ата-ананың бала алдындағы жауапкершілігі, сондай-ақ жасөспірімдердің құқықтары мен қауіпсіздігі мәселелері талқыланды.
Атырау облысы бойынша Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілі Амангелді Абдоловтың айтуынша, меморандум білім беру ұйымдарындағы жастардың құқықтарын қорғау бағытындағы бірлескен жұмысты күшейтуге мүмкіндік береді.
Ал колледж директоры Бағыт Шеркешбаева жастардың өз құқықтарын біліп қана қоймай, әлеуметтік желідегі жауапкершілігін де сезінуі маңызды екенін атап өтті. Оның сөзінше, кездесуде буллинг пен зорлық-зомбылықтың алдын алу, осы бағыттағы құқықтық сауаттылықты арттыру мәселелері де қозғалған.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, меморандум білім беру мекемелері мен құқық қорғау институттары арасындағы байланысты нығайтып, жастардың құқықтық сауатын арттыруға негіз болмақ.
