CaspianLife. 19 қазан. Атырау облысында алимент төлеуден жалтарғандардың жалпы берешегі 4,8 миллиард теңгеден асады. Балаларының алдындағы міндетін орындамай жүрген 4 мыңға жуық адам іздестірілуде. Соның салдарынан 5 мыңнан астам бала ата-анасының бірінен тиесілі алиментті ала алмай отыр.
Осы мәселені шешу мақсатында облыстық Әділет департаменті арнайы дөңгелек үстел ұйымдастырды. Жиынға облыстық прокуратура, полиция департаменті, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың өкілдері және өңірлік палатаға қарасты жеке сот орындаушылары қатысты.
Атырау облыстық Әділет департаменті басшысының орынбасары Меруерт Музатованың айтуынша, алимент берешегін өндірумен қатар, борышкерлерді жұмыспен қамтуға да көңіл бөлініп отыр. Осы бағытта есепті кезеңде бес бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылып, нәтижесінде 81 борышкер жұмысқа орналасқан.
Мамандардың негізгі мақсаты – балалардың лайықты өмір сүруі мен материалдық жағдайын қамтамасыз ету. Алдағы уақытта құқық қорғау органдарымен өзара байланысты күшейтіп, берешекті өндіріп алу жұмыстарын жандандыру және жеке сот орындаушыларының қызметіне бақылауды арттыру жоспарланған.
Жиында борышкерлерді іздестіру жұмысының баяу жүріп жатқаны да сынға алынды. Қазіргі уақытта өңірде алимент төлемей жүрген 169 азаматқа іздеу жарияланған. Оның ішінде тек 37 іс бойынша іздеу тоқтатылған. Ал қалған 132 іс бойынша әзірге нәтиже жоқ.
Өз кезегінде прокуратура өкілдері сот орындаушыларына түсетін жүктеменің тым жоғары екенін атап өтті. Бұл борышкерлерден берешекті уақытылы өндіруге кері әсерін тигізуі мүмкін. Атырау қалалық прокуратурасының бөлім прокуроры Камила Кенжетайдың айтуынша, сот орындаушыларына түсетін жүктеменің көптігі атқарушылық құжаттарды сапалы әрі уақытылы орындау міндетінен босатпайды. Мәселен, жеке сот орындаушысы Шариповтың өндірісінде жалпы сомасы 1 миллиард 597 миллион теңгені құрайтын 886 атқарушылық құжат бар.
Ал жеке сот орындаушы Мейрамбек Әжмұханбетов алимент өндіру кезінде борышкерлердің бейресми табысын анықтау қиындық туғызатынын айтты. Оның сөзінше, кейбір азаматтар нақты кірісі мен жұмыс орнын көрсетпейді. Тіпті құмар ойындарға қаражат жұмсайтындардың ақшаны қайдан алғанын анықтау да оңай емес. Сондықтан әр борышкердің табыс көзін анықтау жауапкершілікке тарту кезінде маңызды рөл атқарады.
Дөңгелек үстел барысында қатысушылар мәселені шешуге қатысты өз ұсыныстарын ортаға салды. Жиын қорытындысында алимент берешегін өндіру жұмысын жүйелеп, анықталған түйткілдерді тиісті органдармен бірлесіп шешу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.
