СaspianLife. 12 қазан. Атырау қаласында әйелдердің құқықтарын қорғау және қоғамдағы рөлін арттыру мәселелері талқыланды. «Әділет» партиясының Атырау қалалық филиалы мен Атырау облысының әйелдер күштері альянсы бірлесіп ұйымдастырған жиынға түрлі салада еңбек ететін 20-дан астам әйел қатысты.
Диалог алаңында отбасылық және әлеуметтік мәселелердің алдын алу, әйелдердің қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласуы және қоғамдағы орны сөз болды.
«Қазақстанның әйелдер күштері альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің Атырау облыстық филиалының мүшесі Нұрлы Әйтиева кездесуге мемлекеттік қызмет, әлеуметтік сала, білім беру және денсаулық сақтау бағыттарында еңбек етіп жүрген әйелдер мен жастар шақырылғанын атап өтті. Оның айтуынша, әйелдердің қоғамдағы белсенділігі мен білімі ұрпақ тәрбиесі мен отбасының дамуына да ықпал етеді.
Ал «Әділет» партиясы Атырау қалалық филиалының төрағасы Қуандық Жақиялиев бұл кездесуді түрлі әлеуметтік мәселелерді талқылауға арналған алғашқы бастама ретінде бағалады. Оның сөзінше, алдағы уақытта жастар және басқа да өзекті тақырыптар бойынша кең көлемде диалог алаңдарын ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, мұндай кездесулер әйелдерге қатысты өзекті мәселелерді ашық талқылап, оларды шешу жолдары бойынша ортақ ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік береді.

