CaspianLife. 7 қазан. «Тәртіпті елдің тұғыры биік» тақырыбында Оңайбай Көшеков атындағы Атырау аграрлық-техникалық колледжінде студенттермен кездесу өтті.
Облыстық Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы ұйымдастырған шараға «Дала қырандары» республикалық қоғамдық бірлестігінің өңірлік лидері Ануар Батаев пен Олимпиадалық резервті даярлау орталығының директоры Рашид Кулбаев қатысты.
Кездесу барысында жастарға салауатты өмір салтын ұстанудың маңызы, зиянды әдеттерден аулақ болу және есірткінің адам денсаулығы мен болашағына тигізетін зардабы түсіндірілді. Сонымен қатар заң талаптарын сақтау, тәртіп пен жеке жауапкершіліктің маңызы сөз болды.
Студенттердің айтуынша, мұндай кездесулер жастардың құқықтық сауатын арттырып, заң талаптарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Колледж студенті Қайрат Мұхтардың сөзінше, жастардың кейбірі есірткі тасымалдауды оңай ақша табудың жолы деп қабылдауы мүмкін. Алайда оның соңы ауыр зардаптарға әкелетінін түсіну маңызды.
Кездесу барысында мамандар есірткінің зияны мен заң алдындағы жауапкершілік туралы нақты түсінік беріп, студенттердің сұрақтарына жауап берген.

