СaspianLife. 5 қазан. Атырау облысының Әділет департаменті жыл басынан бері 3 мыңнан астам адамға мемлекеттік қызмет көрсеткен. Бүгінде мекеме жеке және заңды тұлғаларға, сондай-ақ мемлекеттік органдарға құқықтық тіркеу, лицензиялау және сараптама бағыттары бойынша 11 түрлі қызмет ұсынады. Олардың басым бөлігі электронды форматта қолжетімді.
Өтінішті eGov Mobile қосымшасы арқылы берген жағдайда қажетті құжатты бір күн ішінде алуға болады. Ал халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы жүгінген кезде қызмет көрсету мерзімі үш жұмыс күніне дейін созылады.
Атырау облысы Әділет департаментінің басшысы Гүләнда Қыстаубаеваның айтуынша, қазіргі уақытта мемлекеттік қызметтердің 90 пайызы автоматтандырылған. Бұл азаматтарға үйден шықпай-ақ қажетті мәліметтер мен мемлекеттік қызметтерді алуға мүмкіндік береді.
Цифрландыру бағытында «Е-заң көмегі», «Е-нотариат» жүйелері енгізіліп, іс жүргізу үдерістері де автоматтандырылған. Нәтижесінде қызмет көрсету кезінде адами факторды азайтып, өтініштерді қарау жұмысын жеңілдетуге басымдық беріліп отыр. Департамент жұмысының тағы бір маңызды бағыты – сот актілерін мәжбүрлеп орындату. Қазіргі уақытта облыста 9 мемлекеттік және 79 жеке сот орындаушысы қызмет етеді. Олардың өндірісінде жалпы сомасы 343 миллиард теңгеден асатын 220 мыңнан астам атқарушылық құжат бар.
Жыл басынан бері 24 мыңға жуық құжат мәжбүрлі түрде орындалып, нәтижесінде 15 миллиард теңгеге жуық қаражат өндірілген. Бұл сома салық, әкімшілік, азаматтық және қылмыстық істер бойынша берешектерді қамтиды.
Департамент басшысы Гүләнда Қыстаубаеваның мәліметінше, Әділет министрлігі жүргізетін тиімділік рейтингісінде Атырау облысының Әділет департаменті 2026 жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша республикадағы 20 департаменттің арасында бірінші орынға шыққан. Әлеуметтік маңызы бар мәселелердің ішінде алимент өндіру жұмысына да ерекше көңіл бөлінеді. Бүгінде осы бағытта 11 мыңға жуық атқарушылық құжат бар. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 96 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Сонымен қатар жыл басынан бері мемлекет кепілдік берген заң көмегі аясында 6 197 азаматқа тегін құқықтық көмек көрсетілген. Бұл мүмкіндікті негізінен көпбалалы аналар, зейнеткерлер және бірінші, екінші топтағы мүгедектігі бар азаматтар пайдаланған.

