CaspianLife. 25 қыркүйек. Атырауда 25 қыркүйектен бастап жол қозғалысы ережелерін бұзған жүргізушілерді автоматты түрде анықтау жүйесі іске қосылды. Енді көлік жүргізу кезінде телефон пайдаланған, қауіпсіздік белдігін тақпаған және жаяу жүргіншілерге жол бермеген жүргізушілерге айыппұл автоматты түрде салынады.
Құқық бұзушылықтарды «Sapar Vision» бейнебақылау камералары тіркейді. Қазіргі уақытта қала аумағында 10 камера орнатылып, аппараттық-бағдарламалық кешен штаттық режимде жұмыс істеп тұр.
Полиция департаментінің мәліметінше, жүйенің негізгі мақсаты – жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылау, құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтау және жол-көлік оқиғаларының алдын алу. Бұл шара жүргізушілердің, жолаушылар мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Атырау облысы Полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы Қуаныш Абреновтің айтуынша, егер азаматқа аталған құқық бұзушылықтар бойынша автоматты түрде хабарлама келсе, ол Әбілхайыр хан даңғылы, 55А мекенжайында орналасқан әкімшілік полиция басқармасына жүгіне алады. Мамандар 2-қабаттағы 207-кабинетте құқық бұзушылықтың бейнежазбасын көрсетіп, мән-жайды түсіндіреді.
Егер жүргізуші тіркелген құқық бұзушылықпен келіспесе, оған заңда белгіленген тәртіппен шағымдануға құқығы бар.

