CaspianLife. 22 қыркүйек. Қазақстанда қыркүйек айының соңғы жексенбісінде Еңбек күні атап өтіледі. Мерекенің басты мақсаты – адал еңбек пен кәсібилікті дәріптеу, түрлі сала қызметкерлерінің ел дамуына қосқан үлесін айқындау.
Қазіргі таңда Атырау облысындағы Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінде 14 маман жұмыс істейді. Жыл басынан бері инспекцияға 4 мыңға жуық адам шағымданған. Мамандар 3 331 өтінішті қарап, 1 762 жұмысшының еңбек құқықтарын қорғады. Тексеру барысында еңбек заңнамасының бірқатар бұзушылығы анықталған.
Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Кемел Иманғалиевтің айтуынша, биылғы жылдың сегіз айында 301 тексеру жүргізілген. Нәтижесінде еңбек заңнамасын бұзудың 297 дерегі анықталып, жұмыс берушілерге 195 міндетті нұсқама берілген. Сонымен қатар 192 әкімшілік хаттама толтырылып, 46 миллион теңгеге жуық айыппұл салынған.
Өңірде өндірістік жарақаттану көрсеткіші де төмендеген. Биыл өндіріс орындарындағы жазатайым оқиғалар былтырғы жылмен салыстырғанда 3 пайызға, ал қайғылы жағдайлар 57,1 пайызға азайған.
Сонымен қатар өңірдегі 15 кәсіпорынның 100-ге жуық қызметкерге жалақы төлемегені анықталған. Жалақы бойынша берешектің жалпы көлемі 70 миллион теңгеге жуықтайды.
Еңбек инспекциясының мамандары жалақы қарызын өндіру бағытындағы жұмыстарды да жалғастырып келеді. Жыл басынан бері 30 кәсіпорыннан 87,6 миллион теңге көлеміндегі берешек өндіріліп, 131 қызметкердің еңбек құқығы қорғалған.

