CaspianLife. 22 қыркүйек. Атырауда «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында облыстық қыздар слеті ұйымдастырылды. Жиынға өңірдегі мектептердің жүздеген оқушысы қатысты. Олардың қатарында өз білім ордаларындағы қыздар кеңесінің төрағалары мен мүшелері бар.
Слетте жасөспірімдердің денсаулығы, психологиялық саулығы, цифрлық әлемдегі қыздардың қауіпсіздігі және қауіпсіздік мәдениеті секілді тақырыптар талқыланды. Сондай-ақ қатысушылар арасында өзара қолдау көрсету, құрбыларына көмектесу және ортаға оң ықпал ету мәселелеріне басымдық берілді.
Атырау облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Кәмшат Шошақованың айтуынша, слеттің басты мақсаты – ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, заманауи білім мен технологияны меңгерген, көшбасшылық қабілеті бар қыздардың қатарын көбейту. Бұл өз кезегінде жас ұрпақ тәрбиесіне оң әсер етеді.
Қазіргі таңда өңір мектептерінде қыздар кеңестері жұмыс істейді. Оларды белсенді оқушылар басқарып, мектеп қабырғасында жүріп-ақ ұйымдастырушылық және көшбасшылық қабілеттерін дамытады. Қатысушылардың айтуынша, кеңес төрағасы болу үлкен жауапкершілікті талап етеді.
Жылыой ауданындағы №19 жалпы орта білім беретін мектептің 10-сынып оқушысы Айназ Ізмұхан биыл қыздар кеңесінің төрағасы болып сайланған. Ол мектептегі қыздарға қиындық туындаған жағдайда қолдау көрсетіп, түрлі шараларға қатысуына көмектесетінін айтады. Сондай-ақ құрбыларымен жеке сөйлесіп, қажет кезде кеңес беруге тырысады.
Мамандардың мәліметінше, қазіргі таңда Атырау облысының мектептерінде 77 мыңға жуық қыз бала білім алады. Бұл – өңірдегі барлық оқушының 49 пайызы.

