CaspianLife. 16 қыркүйек. Атыраудағы Отбасын қолдау орталығы қиын жағдайға тап болған отбасыларға кешенді көмек көрсетеді. Мұнда әр өтініш жеке қаралып, азаматтарға психологиялық, құқықтық және әлеуметтік қолдау ұсынылады. Мамандар отбасылардың мәселесін шешуге көмектесіп қана қоймай, жағдай тұрақталғанға дейін сүйемелдейді.
Орталыққа түрлі арналар арқылы өтініштер түседі. Атап айтқанда, пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтардан «FSM Social» ақпараттық платформасы арқылы 214 өтініш қабылданған. «111» байланыс орталығы арқылы 75 өтініш тіркелсе, мемлекеттік мекемелерден, «E-Otinish» жүйесі мен сенім телефоны арқылы тағы 58 өтініш түскен. Осылайша, орталыққа барлығы 347 өтініш тіркелген.
Отбасыларға көмек көрсету жұмысына арнайы мобильдік топ та тартылған. «Отбасын қолдау орталығы» КММ директорының орынбасары Бибінұр Ақудинаның айтуынша, мобильдік топ ақпараттық жүйеге толық қосылған. Оның құрамына жергілікті атқарушы органдардың, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарының, полиция бөлімшелерінің, «Ана үйі» орталығының, «Жарқын жанұя» үкіметтік емес ұйымының және әлеуметтік қорғау саласындағы мекемелердің өкілдері енген. Топта барлығы 58 маман бар.
Мобильдік топ мүшелері қиын жағдайға тап болған отбасылардың тұрмыс-тіршілігін зерделеп, олардың қажеттіліктерін анықтайды. Ал психологтар ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты жақсартуға, отбасындағы өзара түсіністікті нығайтуға бағытталған жұмыстар жүргізеді.
Орталықтың кейс-менеджері Рысгүл Нысанованың айтуынша, көмек сұрап келген әр отбасының мәселесі жеке қаралады. Алдымен азаматтың өтініші тыңдалып, қажеттілігіне қарай психологиялық, құқықтық немесе әлеуметтік көмек көрсетіледі. Сондай-ақ мамандар мәселені шешу үшін тиісті бағыт-бағдар береді.
Бұдан бөлек, орталық қызметкерлері тұрғындарға мемлекеттік әлеуметтік бағдарламалар мен қолдау шаралары туралы ақпарат ұсынады. Қажет болған жағдайда азаматтарды тиісті мекемелерге жолдап, өтініштің қаралу барысын бақылауда ұстайды.
Алдағы уақытта орталық жұмысын жетілдіріп, отбасыларға көрсетілетін әлеуметтік көмекті күшейту жоспарланып отыр.

