CaspianLife. 11 қыркүйек. Атырау облысында 3 мыңнан астам тұрғынның өз балалары алдындағы алимент бойынша берешегі бар. Қарыздың жалпы көлемі 4,8 млрд теңгеден асады. Бұл – ресми тіркелген деректер ғана. Ал жеке сот орындаушыларының өндірісінде алимент өндіруге қатысты 11 мыңнан астам атқарушылық іс бар.
Алимент төлеуден жалтару балалардың құқықтарына да кері әсер етеді. Осы мәселенің алдын алу және тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында облыстық Әділет департаменті арнайы акция ұйымдастырды.
Акция аясында мамандар тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, құқықтық кеңес берді. Әр өтініш жеке қаралып, мәселелерді заң аясында шешу жолдары түсіндірілді.
Атырау облыстық Әділет департаментінің басшысы Гүләнда Қыстаубаеваның айтуынша, түсіндіру жұмыстары тек қалада ғана емес, шалғай елді мекендерде де жүргізіледі. Мамандар ауылдық округтерге барып, тұрғындарға құқықтық көмек көрсетеді. Оның сөзінше, кейбір азаматтардың қалаға келіп, кеңес алуға мүмкіндігі немесе қаражаты бола бермейді.
Сонымен қатар бүгінде құқықтық қызметтердің көбі автоматтандырылған. Тұрғындар «Е-Заң көмегі» жүйесі мен тараптардың жеке кабинеті арқылы қажетті ақпаратты интернеттен ала алады. Департамент басшысы акцияға келушілер санының азаюын да осы электронды қызметтердің қолжетімді болуымен байланыстырады.

