CaspianLife. 8 қыркүйек. Атырауда жастар арасында Atyrau Youth Hackathon байқауы өтті. «Заң мен тәртіп» қағидатына арналған хакатонға өңірдің 14 пен 35 жас аралығындағы 53 тұрғыны қатысты. Байқаудың мақсаты – жастардың стартап жобаларын әзірлеу дағдыларын дамыту.
Хакатон барысында 12 команда түрлі кейстер бойынша өз жобаларын жасап, өзара бақ сынады. Қатысушылар интернет-алаяқтық пен киберқауіпсіздік, буллингтің алдын алу және құқықтық сауаттылықты арттыру бағыттарында тың идеяларын ұсынды.
Байқауды ұйымдастырушы Альбина Исатаеваның айтуынша, қатысушыларға үш негізгі бағыт бойынша тапсырмалар берілген. Бірінші кейс интернет-алаяқтық пен киберқауіпсіздікке арналса, екіншісі – буллингсіз қоғам қалыптастыруға, үшіншісі құқықтық тәртіп пен заңға бағынатын қоғам құруға бағытталған.
Қатысушылардың жобаларын IT саласының мамандары мен құқық қорғау органдарының өкілдері бағалады. Атырау облыстық полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Дәурен Мұханбетәлиевтің мәліметінше, жыл басынан бері өңірде интернет-алаяқтық дерегі бойынша 520-дан астам қылмыстық іс тіркелген. Оның 100-ден астамы сотқа жолданған.
Маманның пікірінше, жастардың осындай жобалар әзірлеуі интернет-алаяқтықтың алдын алуға септігін тигізуі мүмкін. Әсіресе, ақша аудару кезінде күмәнді әрекеттерді анықтайтын сайттар мен цифрлық құралдарды жасау бұл бағыттағы жұмысты күшейтуге мүмкіндік береді.
Инновациялық идеялар байқауы бұған дейін үш рет ұйымдастырылған. Алайда биыл алғаш рет «Заң мен тәртіп» тақырыбына арналды.
Хакатонға үшінші рет қатысып отырған Атырау қаласының тұрғыны Асылбек Ғизатов бұл жолы құқық саласына бағытталған жобасын ұсынған. Оның командасы мемлекеттік құрылымдардың жұмысын автоматтандыруға көмектесетін жасанды интеллект моделі енгізілген сайт әзірлеуді көздейді. Қатысушының айтуынша, мұндай шешім мемлекеттік органдардағы жұмыс үдерістерін жеңілдетіп, жеделдетуге мүмкіндік береді.
Хакатон соңында қатысушылар өз жобаларын қорғап, білікті мамандардан кеңес алды. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар табысталды.

