Береке ықшамауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің біріндегі жылу батареясы қолды болды. Ұрылар жылытқышты алдын ала босатып, жұрт шырт ұйқыға кеткенде ғана ұрлап әкеткен.
Тұрғындар құны 30 мың теңгеге жуықтайтын батареяны жымқырып кеткен баукеспелердің алыстан келмегеніне сенімді. Себебі бұл – алғашқы қарақшылық емес көрінеді.
Назгүл СӘСЕНҒАЛИЕВА, қала тұрғыны:
– Тапа-тал түсте әрі елдің бәрі үйінде болғанда осындай ұрлық болып тұр. Тоғыз қабатты үйдің кіреберісіндегі батареяның бәрін түсіріп алған. Одан бөлек, біздегі ПИК те дұрыс қызмет атқармайды. Жеделсатымыз аптаның соңғы күндері жүрмей қалады. Бұл уақытта ПИК қызметкерлерінің демалыс екенін алға тартып, келмей қоятын әдеті бар.
Қарақшылар ғимаратқа ену үшін ойын балаларынан есіктің құпия кодын сұрап алған. Бет-аузын бүркегендер бейнабақылауға түсіп қалыпты. Дегенмен олардың кеткен бағытын ешкім білмейді.
Онсыз да былтыр қыста тоңып шыққан тұрғындар іс созылып кетсе, жауапкершілікті кімнен талап етерін білмей дал. Әзірге толыққанды ақпарат жоқ. Бірақ қолда бар деректерге сүйенсек, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесі жақын күндері белгілі болмақ.