Caspianlife, 3 қыркүйек. Ақтөбеде ұлттық киімдер мен әшекей бұйымдар дүкеніне ақша салған 100-ге жуық адам алаяқтықтың құрбаны болғанын айтып отыр. Дүкен иесі салынған қаражатты пайызымен бірге қайтаруға уәде берген. Ал бонус ретінде салымшыларға дүкендегі кез келген тауарды алуға мүмкіндік ұсынған. Уәдеге сенгендердің бірі 5 миллион теңге, енді бірі одан да көп ақша салған. Алайда қаражат қайтарылмаған. Енді зардап шеккендер полицияға жүгінуде.
Ақтөбе тұрғыны Гүлзат Бөгебайқызы болған жағдайды айтып берді:
«Мен шамамен 5 миллион теңге салдым. Ақшаны жарты жылдан кейін қайтарамыз деп уәде берді. Бірақ сәуір айынан бастап ол жасырына бастады, қоңырауларға жауап бермейді. Дүкенге де бардық, бірақ ол жабық болып шықты. Осылайша бізден қаша бастады».
Жиналғандардың айтуынша, олар дүкеннің әлеуметтік желілердегі жарнамасына сенген. Қазір азаматтар іске қатысы бар барлық адамды заң аясында жауапкершілікке тартуды және келтірілген шығынды өтеуді талап етіп отыр.
Қорғаушы Данияр Сүндетбаев тергеу жұмыстары толық жүргізілмей жатыр деп есептейді:
«Тек «Бөрте» дүкенінің басшысын ұстады, оған күдікті ретінде мәртебе берілді. Алайда онымен бірге басқа да адамдар болған: күйеуі, туыстары, кассирлері. Бүгінде олар да күдікті деп танылды, бірақ оларға қатысты қамауға алу сияқты бұлтартпау шаралары қолданылған жоқ. Біз мұнымен келіспейміз. Қылмыстық жауапкершіліктен жасыру фактілері анық байқалады».
Прокуратура өкілдері бұл дерек бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады. Ақтөбе облысы прокуратурасы бөлімінің прокуроры Қайырбек Жолайдың айтуынша:
«Іс бойынша 68 азамат жәбірленуші деп танылды. Дүкен иесіне қатысты сот үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады. Сонымен қатар қылмыстық іс аясында төрт адам күдікті деп танылды. Қазіргі уақытта тергеудің толықтығын қамтамасыз ету мақсатында қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Тергеу нәтижесі бойынша заңды процессуалдық шешім қабылданады».
Ақшасын қайтара алмай, тығырыққа тірелген ақтөбеліктер Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне жүгінуге ниетті.
Камшат СЕКСЕНБАЙҚЫЗЫ, Ақтөбе облысы

