Caspian;ife, 1 қыркүйек. Жаңаөзендік суретші Джохар Юнусовтың асқақ арманы орындалып, Airbus A320 ұшқышы атанды. Оның алғашқы рейсі 2026 жылы 12 тамызда өтті, — деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Instagram желісінде Джохар Юнусов 2022 жылы Жаңаөзенде құрылыс орнында кезекті муралын салып жүрген кезінде түсірілген архивтік бейнежазбамен бөлісті. Бейнеде суретші құрылыс алаңында, бояуға малынып жүрген сәтінде жазылушыларына азаматтық авиация ұшқышы болуды армандайтынын айтады. Ұшқыштарды даярлау бағдарламасына өтінім берер алдында Джохар өзіне арнап бейнеүндеу түсіріп, бір күні осы сәтке қайта оралып, балалық арманының қайда жеткізгенін көргісі келген.
Колледжді тәмамдағаннан кейін Джохар біраз уақыт шығармашылықпен айналысты. Алайда 2022 жылдың қазан айында арманын орындауға шешім қабылдап, Air Astana әуекомпаниясының ұшқыштарды даярлау бағдарламасына өтінім берген. Ол ағылшын тілін қажетті деңгейде жетілдіріп, математика мен физиканы қайта оқып білімін толықтырды. Іріктеуден сәтті өтіп, Ирландияға оқуға аттанды.
Араға төрт жыл салып, ол бұл жолы ұшақ кабинасынан түсірілген кадрларын жариялады. Airbus A320 ұшағындағы алғашқы рейсі Джохар үшін ерекше әрі маңызды оқиға болды.
«Осы форманы киіп, ұшақ кабинасындағы орындыққа отыру үшін қаншама еңбек пен табандылық қажет болды. Бұл жетістікке жетуіме жақындарымның маған деген сенімі мен қолдауы үлкен күш берді. Олар қиындықта да, жақсы күндерде де жанымнан табылды», — деп жазды ол.
Джохар мамандығын өзгерткеніне өкінбейді және жеткен жетістігімен тоқтап қалмақ емес. Ол ұшқыштық қызметімен қатар, шығармашылықтан да қол үзбеді. Бүгінде ұшақтардың суретін салып, рейс кезінде әріптестерін де өз туындыларына арқау етеді. Осылайша, жас ұшқыш шығармашылыққа деген қызығушылығын да қатар жалғастырып келеді.
Джохардың әлеуметтік желіге жариялаған бейнесі жастарға армандарды орындаудың кеш еместігін, сондай-ақ жеке қызығушылықты қатар алып жүруге болатынына айқын үлгі бола алды.
📹: @artmonster_




