CaspianLife, 1 қыркүйек. Ақтауда Каспий теңізіне шыққан серуендеу катері жартасқа соғылды. Қайғылы оқиға салдарынан екі жолаушы қаза тапты. Оқиға 30 тамызға қараған түні 5А шағынауданы маңында болған. Кеме бортында жеті адам болған.
Оқиға орнына жеткен құтқарушылар алдымен бес жолаушыны аман алып шығып, оларды жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырған. Суға батып кеткен екі адамның денесі тек үш сағаттан кейін табылды.
Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаменті бөлімінің басшысы Бақытжан Үсенов құтқару жұмыстарының барысын баяндады.
«112 пультіне қоңырау түсті. Оқиға орнына дереу қажетті күштер мен құралдар жіберілді. Төтенше жағдайлар департаментінен барлығы 35 қызметкер, сондай-ақ төрт қайық пен арнайы техника жұмылдырылды. Алғашқы кезеңде бес адамды құтқару жұмыстары жүргізілді. Кейін тағы екі адамның жоқ екені туралы ақпарат түсті. Одан әрі жүргізілген іздестіру жұмыстары барысында қаза тапқан екі адамның денесі жағалаудан 500 метр қашықтықтан табылды. Суға батқан екі адамның да құтқару кеудешесін кимегені анықталды», — деді Үсенов.
Құтқарылған бес адам түрлі деңгейдегі жарақаттармен Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасына жеткізілді. Дәрігерлер үш науқастың жағдайын ауыр деп бағалап отыр.
Аурухананың баспасөз хатшысы Жұлдыз Қалиева науқастардың диагноздары туралы айтты.
«Оқиға салдарынан бес зардап шегуші облыстық аурухананың қабылдау бөліміне жеткізілді. Төрт науқастың денесінен көптеген жарақат анықталды. Оның ішінде 1988, 2002 және 1964 жылы туған науқастар жансақтау бөлімінде жатыр. Олардың жағдайы ауыр, дәрігерлердің бақылауында. 1985 жылы туған пациент травматология бөлімінде ем қабылдап жатыр. Ал 1996 жылы туған науқас дәрігерлер толық тексеруден өткізгеннен кейін амбулаториялық ем алуға жіберілді», — деді Қалиева.
Ауқымды іздестіру-құтқару жұмыстарына Төтенше жағдайлар департаментінен бөлек полиция қызметкерлері, Апаттар медицинасы орталығының мамандары және жедел жәрдемнің бес бригадасы жұмылдырылды.
Қазіргі уақытта оқиғаның нақты себептері мен мән-жайы анықталып жатыр.
Мариям БЕРІКҚЫЗЫ, Ақтау

