Атырау облысының полиция қызметкерлері 18–20 тамыз аралығында ақпараттық технологияларды, соның ішінде интернетте алаяқтықпен айналысатын заңбұзушылықтарға қарсы күрестің тиімділігін арттыруға бағытталған «Anti-fraud» республикалық жедел алдын-алу іс-шарасын өткізді.
Осы шараның алғашқы күні Атырау облысында бұрын жасалған алаяқтық сипаттағы 8 интернет қылмыс ашылды. Сонымен қатар, порнографиялық материалдарды тарату фактісі анықталып Қылмыстық Кодекстің 311-бабы бойынша тергеп-тексеру жүргізілуде.
Тәртіп сақшылары Instagram әлеуметтік желісінде жиһаз сату туралы хабарландыру жариялап, тұтынушы болған Атырау қаласы тұрғынынан 260 000 теңге мөлшерінде алдын-ала төлем алған Қарағанды облысының тумасын ұстады. Тексеру барысында ұсталған әйелдің осы тектес бірнеше алаяқтық қылмысқа қатысты екені анықталды. Өз кінәсін толық мойындаған азамат әзірге қолхатпен бостандыққа жіберілді.