Caspianlife, 17 тамыз. Атырау облысында өткен «Lotus Fest-2026» фестивалі екі күн ішінде 40 мыңнан астам көрерменнің басын қосты. Мәдени-бұқаралық шара аясында 50 кәсіпкердің қатысуымен жәрмеңке, фудкорт, фотоаймақтар мен ойын алаңдары жұмыс істеді, сахнада жергілікті әртістер мен эстрада жұлдыздары өнер көрсетіп, фестиваль жарқын гала-концертпен аяқталды.
Өңірдің туристік әлеуетін дамыту мақсатында фестивальге елімізге танымал тревел-блогерлер шақырылды. Олардың бірі Өркен Кенжебек өз әсерімен бөлісті: «Атырау облысы Алматы немесе Шығыс Қазақстан облыстары сияқты танымал бағыттармен қатар туристерді тартудың орасан зор әлеуеті бар екенін дәлелдеп жатқан сияқты. Осындай орындардың бірі — лотостар фестивалі. Бұдан бөлек, бізде Ақкергешін үстірті, Сарайшық қалашығы, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде диверсанттар жасырынған үңгір, Махамбет мемориалы, сол сияқты Индер бар. Осы нысандарды белсендірек жарнамалап, танымал ету арқылы біз Атырау облысының шынымен де жоғары назарға лайық екенін дәлелдей аламыз деп есептеймін».
Фестиваль лотос алқаптарына келушілер ағынының айтарлықтай өсуіне ықпал етті: шілде айынан бері сирек кездесетін гүлдеген алқапқа 10 мыңға жуық турист келген. Гүлдеу сәтін қыркүйектің бірінші аптасына дейін тамашалауға болады.
Акватория бойынша туристерді тасымалдау үшін 200-ге жуық қайық тіркелген. Құрманғазы ауданының әкімі Абат Жанғалиев: «Бүгінгі таңда 200-ге жуық қайық тіркелді. Барлық кеме жүргізушілеріне қауіпсіздік ережелері түсіндірілді. Олар туристерді тасымалдаумен белсенді айналысуда», — деп айтып өтті.
Фестивальді ұйымдастыруға шамамен 191,9 млн теңге бөлінді, оның 131,9 млн теңгесі инфрақұрылымды дамытуға, ал 60 млн теңгесі мәдени бағдарламаға бағытталған.
Нұрбибі ТЕМІРТАСОВА

