Геолог ықшамауданына барар тура жол бүгін-ертең ашылу мүмкін. Нақтырақ айтсақ, бір бөлігі ғана. Мұнда автокөлік жолын жөндеу мен кеңейту жұмыстары үшінші апта жүргізілуде. Әкімдіктегілердің айтуынша, жөндеу жұмыстары кептелектің алдын алуға септігін тигізеді.
Жұмыс барысына тоқталар болсақ, қазір жол 6 жолаққа дейін кеңейтіліп, бағдаршамға бағынбайтын оң бұрылыс дайындалған. Жалпы алғанда, жолдың ені 22 метрге дейін ұлғайды. Ертеңнен бастап жолдың дайын болған бір бөлігі арқылы қарама-қарсы бағыттағы көлік қозғалысы қайта басталмақ. Ал екінші жағы жөндеу жұмыстары толық аяқталған соң біржола ашылады.
Естеріңізде болса, жөндеу екі аптаға жоспарланған еді. Бірақ кейін оның мерзімі біртіндеп ұзартылып, сағызша созылған құрылыс қалалықтардың қытығына тие бастады. Себебі, сыртқы ауылдардың тұрғындарына орталыққа бару үшін 20 күн бойы шақырымдық кептелегі бар айналма жолмен жүруге тура келді.
Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, қалалық әкімдіктегілер Амандосов көшесін бүгін-ақ ашуға дайын көрінеді. Облыс әкімдігінің келісімі ғана ұстап тұр.