CaspianLife, 28 шілде. Атырауда қауіпсіздік талаптарын сақтамаған автогаз құю станцияларының иелеріне жалпы сомасы 756 875 теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұл туралы Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары хабарлады.
Олардың сөзінше, жыл басынан бері 31 заңды және жеке тұлғаға тексеріс жүргізілген. Оның ішінде «Promgaz BP» ЖШС, «Гаухар» ЖК, «НИЕТ ЛТД» ЖШС, «СнабСтройСервис» ЖК, «Меtan Gaz» ЖШС, «Бірлік 2» ЖШС, «Архитектура, дизайн и проектирование» ЖШС т.б. кәсіпкерлік субъектілері бар.
Мамандар автогаз құю бекетіндегі өндіруші белгілеген нормативтік қызмет ету мерзімін өтемеген қауіпті техникалық құрылғылар үш жылда бір рет тексеріліп тұратынын айтады. Ал мерзімін өтеген үлкен қысыммен жұмыс істейтін жабдықтар жылына бір рет тексерілуі тиіс. Өйткені олар жоғары дәрежелі қауіпі бар санатқа жатады.
«Автокөліктерге газ құю бекетін іске қосу үшін ең алдымен жобалау құжаттамасы әзірленіп, ол өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы нормативтік-құқықтық талаптарға сәйкес Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментімен келісіліп, мақұлдануы тиіс. Сонымен қатар жол бойында орналасқан газ құю бекеттеріндегі қысыммен жұмыс істейтін жабдықтар пайдалануға берілер алдында, егер олар жаңадан орнатылған болса, Атырау облысы ТЖД мемлекеттік инспекторының қатысуымен техникалық куәландырудан өткізіледі», – деді Атырау облысы ТЖД бастығының орынбасары Сырым Жаймағамбетов.
Айта кетейік, бүгінде облыс аумағында автокөліктерге сұйытылған газ құю қызметін 41 кәсіпкерлік субъектісі көрсетеді. Жалпы саны 163 автогаз құю станциясы жұмыс істеп тұр. Бұл ретте департамент қызметкерлері газ кұю бекеттеріне өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы нормативтік құқықтық акт талаптарын сақтау және қысыммен жұмыс жасайтын жабдықтардың қоршаған ортаға қауіп келтірмеуін бақылау қажеттігін ескертеді.
(Дереккөз: Caspian News телеарнасы)

