CaspianLife. 22 шілде. Мемлекет басшысының Жарлығымен Әлібек Әсетұлы Бақаев Қазақстан Республикасының Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап Tengrinews.kz хабарлайды. Бұған дейін Президенттің Жарлығымен Ералы Тоғжанов Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып тағайындалған болатын.
Жаңа елші Әлібек Бақаев 1981 жылы 9 ақпанда Алматы қаласында дүниеге келген. Абылай хан атындағы Қазақ мемлекеттік халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін үздік тәмамдаған (2002, синхронды аудармашы), Рупрехт және Карл атындағы Гейдельберг университетінде (Германия, 2001), ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында (2011, саясаттанушы) және Дьюк университетінде (АҚШ, 2011) білім алған. Еңбек жолын 2002 жылы «ТрансОйл СК» компаниясында бас маман болып бастаған. 2002-2003 жылдары «Zamandastar» компаниясының коммерциялық директоры, 2004 жылы Сыртқы істер министрлігі Еуропа және Америка департаментінің референті болды. 2004-2008 жылдары Қазақстанның Германиядағы елшілігінің атташесі, үшінші хатшысы, 2008-2009 жылдары Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің халықаралық мәселелер жөніндегі кеңесшісі, протокол бастығы қызметтерін атқарды. 2009-2012 жылдары Экономикалық даму және сауда министрлігінің Халықаралық қатынастар департаментінің, Стратегиялық жоспарлау және талдау департаментінің директоры, 2012-2019 жылдары ҚР СІМ Жалпыазиялық ынтымақтастық департаментінің басқарма бастығы, директордың орынбасары, директоры болып жұмыс істеді. 2019-2022 жылдары Қазақстанның Швейцария Конфедерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, сонымен қатар Лихтенштейн Княздігіндегі, Ватикан Мемлекетіндегі, Иерусалимдегі, Родостағы және Мальтадағы әулие Иоанн Суверенді Әскери Госпитальерлер Ордені жанындағы Елшісі қызметін қоса атқарды. 2022-2023 жылдары Қазақстан Республикасының Австрия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Вена қаласындағы халықаралық ұйымдар жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі, сонымен бірге Словения Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі міндетін қоса атқарды. 2023 жылдың тамыз айынан бастап Сыртқы істер министрінің орынбасары лауазымын атқарып келді. ІІ класты Төтенше және Өкілетті Дипломатиялық рангі бар. Ағылшын және неміс тілдерін меңгерген.

