Мемлекет басшысының Жарлығымен Болат Ақшолақов Атырау облысының әкімі болып тағайындалды. Мұнайлы өңірдің жаңа басшысы мұнай-газ және энергетика саласында көп жылдық тәжірибесі бар білікті маман ретінде танымал.
Еңбек жолы
Болат Ақшолақов еңбек жолын 1994 жылы Alem Bank Kazakhstan банкінде экономист болып бастаған. Кейін Орталық Азия ынтымақтастық және даму банкінде басшылық қызметтер атқарды.
Мұнай-газ саласында «Қазақойл», «ҚазМұнайГаз» ұлттық компанияларында, сондай-ақ халықаралық ұйымдарда бизнес-талдаушы және қаржы директоры қызметтерін атқарған.
Мемлекеттік қызметте Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінде, кейін Мұнай және газ министрлігінде вице-министр болды. 2022–2023 жылдары Қазақстан Республикасының Энергетика министрі қызметін атқарса, кейін Мемлекет басшысының кеңесшісі болды.
2025 жылдан бері KAZENERGY қауымдастығының төрағасы қызметін атқарып келді.
Білімі мен біліктілігі
Болат Ақшолақов – Қазақ мемлекеттік басқару академиясының экономика мамандығы бойынша түлегі.
Сондай-ақ Алматыдағы Мұнай-газ өнеркәсібінің білім беру орталығында «Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттарды бағалау» және «Мұнай өндіру экономикасы» бағыттары бойынша біліктілігін жетілдірген.
Марапаттары
Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және мұнай-газ саласына қосқан үлесі үшін «Құрмет» орденімен (2014), бірнеше мерейтойлық медальдармен және «Мұнай-газ кешенін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталған.

