Кәсіпкерлерге карантиннің жеңілдетілуіне байланысты infokazakhstan.kz сайтына тіркелу міндеттелді. Өтініштің қабылдануы кәсіпорынның санитария талаптарына сай екенін білдіреді.
«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің сөзінше, жаңа платформа бизнесті карантин құрсауынан кезең-кезеңімен алып шықпақ.
Еркінбек ҚАРАКЕШОВ, облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:
– Онда екі түрі бар: хабарлама арқылы және тексеріспен. Хабарлама арқылы шағын дүкен, сұлулық салондары сияқты кәсіп иелері тіркеле алады. Яғни, өзінің электронды үкіметке арналған кілтін пайдаланады және оларға автоматты түрде рұқсат етіледі. Ал ірі сауда орындары бірінші бізге сұраныс жібереді. Сосын арнайы комиссия тексеріп, содан кейін олар жұмысын бастай алады.
InfoKazakhstan сайты арқылы санитария нормаларының сәйкестік актісін алу қажет. Ол үшін:
-
Электронды қолтаңба арқылы сайтқа тіркеліп, қойылған талаптармен танысу керек. Бизнестің жеке түрлері тексеріссіз, хабарлама тәртібімен жұмысын бастай алады;
-
Нысанды талаптарға сай дайындап, жұмыс істеуге дайындығыңызды электронды өтінім беру арқылы растаңыз;
-
Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің тексеру жүргізуін күтесіз;
- Тексеру жүргізілген соң нәтиже оң болса, жеке кабинетте жұмысты қайта бастауға санитарлық нормаларға сәйкестік актісін жүктеп алу қажет. Егер нәтиже теріс болса, онда олқылықтарды реттеп, өтінімді қайта жіберіңіз;
Қазір атыраулық кәсіпкерлер бірте-бірте жұмысқа кірісуде. Бірақ бизнесін жандандыра алмай жүргендер де бар.
Мұрат ХАМЗИН, қалалық тауарлар және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшысының орынбасары:
– Кез келген ірі сауда нысаны сапалы желдеткіш, қорғаныш құралдары және термометрмен қамтылуы тиіс. Әзірге тұрғындар тарапынан ешқандай шағым түскен жоқ. Болып жатса, міндетті түрде тексеріс жүргіземіз.
Дегенмен басқармадағылар ереже бұзылған жағдайда салынатын айыппұлдың сомасын айта алмады.