CaspianLife, 2 маусым. Бір кездері тәулік бойы жұмыс қайнап, мыңдаған арнайы жұмыс киімі тігілген өндіріс орны бүгінде тоқырау кезеңін бастан кешіп жатыр. Атыраудағы Қазақ саңыраулар қоғамының оқу-өндірістік кәсіпорны ауыр дағдарысқа ұшырап, жүздеген қызметкердің орнына небәрі жиырмаға жуық адам ғана жұмысын сақтап қалған. Қалғандары ақысыз демалысқа жіберілген.
Бұл кәсіпорын есту қабілеті бұзылған азаматтар үшін жай ғана жұмыс орны емес, қоғаммен байланыс орнататын, әлеуметтенетін және өздерін қажет сезінетін ерекше орта болып келген.
Есту қабілеті бұзылған адамдар үшін ашық еңбек нарығында жұмыс табу оңай емес. Осы себепті Атыраудағы оқу-өндірістік кәсіпорын ондаған жыл бойы ерекше қажеттілігі бар азаматтарды жұмыспен қамтып, олардың қоғамға бейімделуіне мүмкіндік жасап келді.
Алайда бүгінде тапсырыстардың азаюы салдарынан тігін цехтары бос қалып, өндіріс орындары тоқтап тұр. Қаржылық қиындықтарға байланысты кәсіпорын басшылығы қызметкерлер санын қысқартуға мәжбүр болған.
Кәсіпорында 2000 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан тігінші Заруеш Қорғанбаеваның айтуынша, бұрын жұмыс көлемі өте көп болған.
– Ол кезде күндіз-түні еңбек ететінбіз. Ірі компаниялар мен мекемелерге арнайы киімдер тігетінбіз. Табыстың да деңгейі жақсы еді. Қазір тапсырыс жоқ, табыс жоқ. Ең қиыны – бізді басқа жерлерде жұмысқа күтіп отырған ешкім жоқ, – дейді ол.
Ұжым мүшелерінің сөзінше, кәсіпорынның материалдық-техникалық базасы ескірмеген. Тігін цехтары қажетті жабдықтармен толық қамтамасыз етілген және кез келген көлемдегі тапсырысты орындауға дайын.
Мекеме басшысы Әли Сейдовтың айтуынша, қызметкерлер мемлекеттен жәрдемақы немесе жеңілдік сұрамайды. Оларға тұрақты жұмыс пен тапсырыс қажет.
– Мұнда үшінші топтағы мүгедектігі бар азаматтар еңбек етеді. Біз бір отбасы сияқты өмір сүріп келеміз. Бір-бірімізге қолдау көрсетеміз, қуанышымызды да, қиындығымызды да бірге бөлісеміз. Бізге ең қажеттісі – тұрақты жұмыс. Қазіргі жағдай – бәріміздің ортақ жанайқайымыз, – дейді ол.
Кәсіпорын басшылығының пікірінше, жағдайдан шығудың басты жолы – жергілікті атқарушы органдар мен өңірдегі ірі компаниялардың қолдауы.
Олардың айтуынша, кәсіпорын коммуналдық мекемелерге, медицина ұйымдарына және өндірістік кәсіпорындарға арналған арнайы киімдер мен тоқыма өнімдерін тігу бойынша ірі тапсырыстарды орындауға толық дайын.
Алайда қазіргі таңда өндіріс орны бар мүмкіндігін пайдалана алмай отыр. Егер жақын арада нақты қолдау көрсетілмесе, өңір ерекше қажеттілігі бар азаматтарды әлеуметтендіруге бағытталған ең тиімді алаңдардың бірінен айырылып қалуы мүмкін.
Орынгүл Бектлеуова.



