Caspianlife, 28 мамыр. Атырау мен Мақат ауданында су тарифі шілде айынан бастап қымбаттауы мүмкін. «Атырау облысы Су Арнасы» коммуналдық кәсіпорны ауыз су мен су бұру қызметтерінің тарифін көтеруді ұсынды. Бұл туралы қоғамдық тыңдауда айтылды.
Тарифті өзгерту туралы түпкілікті шешімді Табиғи монополияларды реттеу департаменті маусым айының басында қабылдайды. Егер ұсыныс мақұлданса, жаңа тарифтер шілде айынан бастап күшіне енеді.
Жобаға сәйкес, жеке тұлғалар үшін ауыз судың бір текше метрі 99 теңгеден 110 теңгеге дейін қымбаттайды. Ал заңды тұлғалар үшін тариф 394 теңгеден 493 теңгеге дейін өседі. Сонымен қатар кәсіпорындар үшін су бұру қызметінің бағасын 208 теңгеден 337 теңгеге дейін, яғни 62 пайызға көтеру жоспарланып отыр.
Кәсіпорын өкілдері тарифті көтерудің бірнеше себебін атады. Біріншісі – суды тазартуға қолданылатын реагенттердің қымбаттауы. Мамандардың айтуынша, 2023 жылдан бері олардың бағасы 2,5 есеге өскен. Реагенттердің 90 пайызы Ресейден импортталады, себебі Қазақстанда қажетті көлем өндірілмейді.
Екінші себеп – электр энергиясы құнының өсуі. Кәсіпорын мәліметінше, соңғы тоғыз айдың өзінде электр қуатына байланысты шығын 175 миллион теңгеге жеткен.
Үшінші мәселе – кадр тапшылығы. Өткен жылы мекемеден 141 қызметкер кеткен. Қазіргі таңда кәсіпорындағы орташа жалақы 280 мың теңгені құрайды. Ал ұқсас салаларда бұл көрсеткіш 406 мың теңгеге дейін жетеді.
Заңды тұлғалар үшін су бұру тарифін көтеру жоспарланып отырған тағы бір маңызды себеп – кәріз сорғы станцияларын жаңғырту. Кәсіпорын ондаған жыл бойы жөндеу көрмеген төрт кәріз сорғы станциясына күрделі жөндеу жүргізуді жоспарлап отыр. Бұл жұмыстарға шамамен 6,5 миллиард теңге қажет. Қаражатты «Бәйтерек» холдингі арқылы жеңілдетілген несие есебінен тарту көзделуде.
Айта кетейік, қоғамдық тыңдауға бизнес өкілдері қатыспаған. Қазіргі таңда Атырау мен Мақат ауданында 133 мыңнан астам абонент бар. Оның 6 400-ге жуығы – заңды тұлғалар.
(Деркееөз: Caspian News телеарнасы)

