CaspianLife, 22 мамыр. Атырау облысының Мақат ауданында өткен ауқымды экологиялық акция нәтижесінде әлемдік рекорд тіркелді. «Eco Steppe Fest Makat» фестивалі аясында бір мезетте 2000-нан астам тұрғын тазалық жұмыстарына қатысып, 21 шақырым аумақты қоқыстан тазартты.
Үш сағатқа созылған сенбілік барысында 12 тонна қоқыс жиналды. Бұл жетістік Азия және Африка елдері бойынша Дүниежүзілік рекордтар кітабына енгізілді.
Дүниежүзілік рекордтар кітабының Азия және Африка елдері бойынша бас тіркеу офицері Қуандық Құдайбергеновтің айтуынша, мұндай форматтағы экологиялық шара бұған дейін әлемдік рекорд ретінде тіркелмеген.

Таңғы сағат 06:00-де басталған фестиваль аясында тазалық жұмыстарымен қатар көрмелер, экологиялық сабақтар және танымдық іс-шаралар ұйымдастырылды. Жобаның негізгі мақсаты – тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыру және туған өлкенің тазалығын сақтауға қоғамды жұмылдыру.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бастама «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасын жаңа форматта насихаттау мақсатында қолға алынған.

Мақат аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Бақберген Сәлімов бұл жетістік аудан тұрғындарының ауызбіршілігінің нәтижесі екенін атап өтті. Оның айтуынша, көпшілік қатысқан сенбілікті бір жерге шоғырландырып өткізу идеясы рекорд орнатуға негіз болған.
Фестиваль қорытындысында ұйымдастырушыларға Global Best Of Records халықаралық ұйымының рекордты растау сертификаты, арнайы статуэткасы мен төсбелгісі табысталды. Сонымен қатар акцияға қатысқан тұрғындардың саны мен есімдері ресми түрде тіркеуге алынды.