CaspianLife, 20 мамыр. Атырау облысында психотроптық заттарды заңсыз сақтады деген күдікпен 1998 жылы туған әйел адам ұсталды. Бұл туралы Атырау облысы полиция департаменті хабарлады.
Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері №2 учаскелік полиция пунктінің инспекторларымен бірлесіп жүргізген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдікті көпқабатты тұрғын үй ауласында қолға түскен.
Тексеру кезінде одан психотроптық зат қатарына жататын «Тропикамид» препаратының 159 құтысы тәркіленді.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 301-бабы 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды.
Полиция департаменті психотроптық заттардың заңсыз айналымы қоғамға елеулі қауіп төндіретінін ескертіп, мұндай әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын мәлімдеді.
Қазіргі уақытта іс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды.

