Caspianlife, 5 мамыр. Атырау облысында 1 сәуір мен 31 мамыр аралығында браконьерліктің жолын кесуге, сондай-ақ бекіре тұқымдас және басқа да балық түрлерінің заңсыз айналымын анықтауға бағытталған «Бекіре-2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде, — деп хабарлайды Caspian Life.
Операция аясында балық қорғау инспекциясымен бірлескен мобильді топтар құрылды. Олар Каспий теңізінің айдынында — Еркінқала ауылының тұсында, Жайық өзеніндегі «Пешной» бекетінде балықты заңсыз аулауды бақылап, тыйым салуда. Сондай-ақ Еркінқала, Дамба және Алғабас елді мекендерінің айналма жолдарында қадағалау күшейтілді.
Ағымдағы мәліметтер бойынша, шара басталғалы бері балық өнімдері айналымы саласында 152 құқық бұзушылық тіркелді. 7 факті бойынша қылмыстық құқық бұзушылық белгілері анықталып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сонымен қатар, 19 аулау құралы мен 10 жүзу құралы тәркіленді. Заңсыз айналымнан барлығы 3 771 кг балық өнімі алынды, оның ішінде 148 кг бекіре тұқымдас балықтар және 1 кг-ға жуық бекіре уылдырығы бар.
Тәркіленген барлық өнім Жайық-Атырау бекіре балық өсіру зауытына тапсырылды.

