CaspianLife, 28 сәуір. Бұл туралы «AMANAT» партиясының «TURGYNDAR AMANATY» жобасы аясында ұйымдастырылған «Үйді басқару: жауапкершілік, сенім, нәтиже» атты өңірлік форум барысында айтылды.
Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, кездесу тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға арналған маңызды диалог алаңына айналды. Форумға облыс әкімі Серік Шәпкенов, «AMANAT» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дүйсенбай Тұрғанов, Қазақстандық ТКШ жаңғырту және дамыту орталығының тұрғын үй қатынастары және нормативтік-техникалық реттеу департаментінің директоры Марғұлан Әбдікәрімов, сондай-ақ мәслихат депутаттары, аудан әкімдері, басқарма басшылары, коммуналдық қызмет өкілдері мен ПИК (Пәтер иелерінің кооперативі) мүшелері қатысты.
Форумда баяндама жасаған облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы айтты. Оның сөзінше, өңірде сумен жабдықтау жүйесін автоматтандыру және цифрландыру бойынша ауқымды жоба жүзеге асырылып жатыр. 1 243 тұрғын үйге су есептегіш құралдарын орнату жоспарланған, қазіргі таңда оның 801-і орнатылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда су тұтынуды 7%-ға төмендетуге мүмкіндік берген.
— Тозығы жеткен тұрғын үйлер мәселесін шешуге ерекше көңіл бөлінуде. Соңғы үш жылда жергілікті бюджеттен шамамен 15 млрд теңге бөлініп, 624 пәтердің тұрғындары жаңа үйлерге көшірілді. Биыл қосымша 6 млрд теңге бөлініп, 21 ескі үйдің тұрғындарын көшіру жоспарланып отыр, — деді Қ.Нұртаев.
Сонымен қатар, оның айтуынша, «Нұрсая» шағын ауданында электрмен жабдықтау мәселесі шешіліп, 66 шақырым электр желісі тартылған. Қазіргі уақытта қаланың сол жағалау бөлігінде 162 шақырым желіні жаңғырту жобасы қарастырылуда.

