CaspianLife, 21 сәуір. Бұл туралы бүгін халықаралық ірі ақпараттық агенттіктердің бірі Рейтер хабарлады.
«Ресей 1 мамырдан бастап «Достық» мұнай құбыры арқылы Қазақстан мұнайының Германияға транзитін тоқтатады. Бұл туралы Рейтер агенттігіне саладағы үш дереккөз мәлімдеді. Олардың мәліметінше, қазақстандық тарап Ресейдің «Транснефть» көлік монополиясынан тиісті жазбаша хабарлама алған», — деп жазады Рейтер.
Ары қарай «Достық» құбыры арқылы мұнай жеткізу Қазақстанға экспорт үшін Ресей порттарын пайдаланбауға мүмкіндік беретіні түсіндіріледі. Себебі Батыс санкцияларына байланысты Ресей порттарында сауда экономикасы төмендеген, ал терминалдардың инфрақұрылымы дрондар шабуылына ұшырап жатыр. Қазақстан мұнайы Өзен-Атырау-Самара магистральдық мұнай құбырымен, одан әрі «Транснефть» жүйесі арқылы Германияның Шведт қаласындағы мұнай өңдеу зауытына (МӨЗ) жеткізу үшін «Адамова Застава» қабылдау пунктіне тасымалданады. Шикізат Қарашығанақ, Қашаған және Теңіз кен орындарынан KEBCO (Kazakhstan Export Blend Crude Oil) брендімен шығарылады.
«Қазақстан мен Ресейдің Энергетика министрліктерінің баспасөз қызметтері, сондай-ақ қазақстандық «ҚазТрансОйл» және «ҚазМұнайГаз» компаниялары Рейтер агенттігінің түсініктеме беру туралы сауалдарына жедел жауап берген жоқ», — деп нақтыланған хабарламада.
Сондай-ақ «Достық» мұнай құбыры арқылы Ресей мен Қазақстан мұнайы Еуропа елдеріне: солтүстік тармағымен Беларусь арқылы Польша мен Германияға, ал оңтүстік тармағымен Украина арқылы Венгрия, Словакия және Чехияға тасымалдануы мүмкін екені атап өтілген. Еуропалық Одақ Мәскеуге қарсы санкциялар аясында «Достықтың» солтүстік тармағы арқылы Ресей мұнайын жеткізуге толық тыйым салған, соған байланысты 2023 жылдың ақпанынан бастап Германияға Қазақстан шикізаты экспортталып келеді.
2025 жылдың ақпанында Қазақстан мен Венгрия «Достық» құбыры арқылы сынақ ретінде мұнай жеткізу туралы келіскен болатын, ал жылдың екінші жартысында Қазақстан Хорватия арқылы Венгрияға алғашқы 85 000 тонна мұнайын экспорттады.
Рейтер мәліметінше, 2026 жылдың бірінші тоқсанында «Достық» құбыры арқылы Германияға Қазақстан мұнайының экспорты екі есе артып, 730 000 тоннаны құрады. Қазақстан 2026 жылы Германияға мұнай экспортын 2025 жылғы 2,146 миллион тоннадан 2,5 миллион тоннаға дейін арттыруды жоспарлап отыр.

