CaspianLife, 20 сәуір. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі көрнекті қазақ ақыны, драматург, қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы Мұхтар Шахановтың қайтыс болуына байланысты оның отбасы мен жақындарына, туған-туыстарына және барша қазақ халқына көңіл айтты.
Министрліктің баспасөз қызметі таратқан мәліметте Мұхтар Шахановтың қазақ әдебиеті мен рухани мәдениетінің дамуына зор үлес қосқан көрнекті тұлға болғаны атап өтілген. Оның терең мазмұнды, өзіндік ерекшелігімен және жоғары азаматтық ұстанымымен дараланған шығармашылығы ұлттық поэзияны байытып, мәдени мұрадан лайықты орын алды.
«Ол қоғамдағы өзекті мәселелерге әрдайым үн қатып, әділдік қағидаттарын табандылықпен қорғады, халық пен ел мүддесіне адал қызмет етті. Мұхтар Шахановтың жарқын бейнесі, батылдығы, принципшілдігі мен биік азаматтық рухы халық жадында мәңгі сақталады», — делінген хабарламада.
(Суретте: Атырау, 2016 жылғы 23 шілде, авторы – Р.Қойлыбаев)

