CaspianLife, 16 сәуір. Жылыой ауданындағы Жем өзенінің бойында орналасқан Аралтөбе учаскесінде су қоймасын салу жоспарлануда. Жоба аймақтың су ресурстарын тиімді басқаруға және ауыл шаруашылығының қажеттіліктерін өтеуге бағытталған.
Бұл туралы баспасөз туры барысында аудан әкімі Жұмабек Қаражанов мәлімдеді. Оның айтуынша, бастама аясында Жем өзенінде сыйымдылығы 220 млн текше метр болатын су қоймасы құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленген. Құжат Жайық-Каспий бассейндік инспекциясына келісуге жіберілді. Мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу үшін қаржыландыру қарастырылатын болады.
Сонымен қатар, Құлсары қаласын (Жылыой ауданының әкімшілік орталығы) су тасқынынан қорғауға мүмкіндік беретін гидрошлюз құрылысы аяқталды. Жем өзеніндегі жаңа нысан Құрсай каналындағы су ағынын реттеуді қамтамасыз етеді. Бұл шешім тасқын кезеңіндегі қауіпті азайтуға және сонымен бірге фермерлерді қажетті суармалы су көлемімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ұзындығы 125 метр, биіктігі 4 метр болатын гидрошлюз үш мың текше метрге дейін су жинауға қауқарлы, ол қажет болған жағдайда Жем өзеніне және суару желісіне бағытталады.
– Бүгінгі таңда басты міндеттердің бірі – Қамыскөл көлін суға толтыру. Осы мақсатта ауданда Жем өзенінің арнасы мен Құрсай каналының 95 шақырымы тереңдетілді. Жағалау бойына 65 шақырым қорғаныс бөгеттері салынды. «Қазгидромет» мәліметінше, Атырау облысы су тасқыны қаупі төмен аймаққа жатады. Қазіргі уақытта Жем өзенінің деңгейі 161 сантиметрді құрайды, қалыпты жағдайда ол – 130 сантиметр. Сәуір айының басында бұл көрсеткіш 171 см-ге жеткен болатын, бұл деңгейдің 10 сантиметрге төмендегенін көрсетеді, – деді Ж. Қаражанов.
Аудан әкімінің сөзінше, тасқынның шыңы өтті. Төтенше жағдай туындаған жағдайда аймақтың мобилизациялық резервінде 1 500-ден астам адам, 400-ден астам арнайы техника, сондай-ақ 300 қайық пен мотопомпа бар. Үш тікұшақ та дайындыққа келтірілген. Жайық, Жем және Ойыл өзендерінің алабындағы 51 елді мекенге ерекше көңіл бөлінуде. Ал ең қауіпті учаскелерде 15 гидробекет орнатылған.
(Архив сурет)

