Caspianlife, 16 сәуір. «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Ішкі істер министрлігі мал ұрлығын анықтау және оның жолын кесу бағытында жүйелі жұмыстарды жалғастыруда.
ҚР ІІМ-нің Polisia.kz ведомстволық сайтының хабарлауынша, 9 сәуірде Атырау облысында полиция қызметкерлері түйе ұрлаумен айналысқан ұйымдасқан топты құрықтады. Қаскөйлердің далалық алқаптарға арнайы шығып, қараусыз жайылған малдарды іздегені анықталды.
«Түнгі уақытта жануарларды айдап әкетіп, кейіннен сату үшін жүк көліктерімен Маңғыстау облысына тасымалдап отырған. Қазіргі таңда топтың ондаған бас мал ұрлығына қатысы бар екені дәлелденді. Шығын көлемі 10 млн теңгеден асты. Ұрланған мүліктің едәуір бөлігі тәркіленіп, сатылымға шығуына жол берілмеді. Барлық күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», — деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция мал ұрлығы үшін мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын ескертті. Бұл ретте «тиісуге болмайтын» ешкім жоқ — заң бұзғандардың бәріне ортақ. Алдын алу мақсатында ІІМ мал иелеріне малды есепке алуды, соның ішінде чиптеуді және жануарларды қараусыз қалдырмауды ұсынады.

