CaspianLife, 16 сәуір. Тиісті келісімдер 2025 жылғы 9 қазанда Душанбеде өткен бірлескен кездесу барысында Ресей Федерациясы мен Әзербайжан Республикасы президенттері арасында қол жеткізілді.
Бұл туралы Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігінің (СІМ) ресми сайтында жарияланған мәлімдемеде айтылған.
«Тараптар Ресей Федерациясының әуе кеңістігінде әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесінің абайсыз әрекеті салдарынан 2024 жылғы 25 желтоқсанда Ақтау қаласы маңында AZAL әуе компаниясына тиесілі Embraer 190 ұшағының апатқа ұшырауына байланысты салдарды, оның ішінде өтемақы төлеу мәселесін тиісінше реттеу жөнінде келісімге келді», — делінген мәлімдемеде.
Сондай-ақ қабылданған қадамдар тараптардың одақтастық өзара іс-қимыл аясында өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға деген ортақ ұмтылысын растайтыны атап өтілді.
Ресей СІМ-і өзара құрмет, сенім және тараптардың мүдделерін ескеру негізінде Ресей мен Әзербайжан арасындағы байланыстардың тұрақты дамуы алдағы уақытта да көрші елдер арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтып, екі халықтың игілігі үшін ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал ететініне сенім білдірді.
«Әуе кемесінің апатқа ұшырауы салдарынан қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына тағы да терең көңіл айтып, бұл орны толмас қайғыны бөлісеміз», — деп мәлімдеді РФ СІМ.

